Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Ақтөбе облысында мұнай ұрлаумен айналысқан 12 адам қамауға алынды

AstanaTV
12.12.2016ж. 20:00
3133
Ақтөбе облысында мұнай ұрлаумен айналысқан 12 адам қамауға алынды

Ақтөбе облысында «мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан қылмыстық топқа жетекшілік етті» деген күдікке іліккен Еркін Ізбасар қамауға алынды. Бұл жөнінде облыстық сот өкілдері хабарлады. Бүгін тағы бір сот отырысы өтті. Онда тағы бірнеше күдікті қамалды. Ал мұнай ұрлаушы топтың құрамында күштік құрылым өкілдерінің болғаны рас па? Ақтөбеден Жақсыбек Кемал соңғы ақпараттармен бөліседі.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына күштік құрылым қызметкерлері енген. Сот өкілдері бұл ақпаратты растағанымен, тұшымды мәлімет келтірмей отыр. Оларға қандай айып тағылып отыр, олар кімдер, саны қанша, деген сұрақтардың басы ашық күйі қалды. Олардан бөлек, мұнай өңдеуші кәсіпорындардың, күзет саласының өкілдері мен жекелеген көлік жүргізушілері де іске тартылған. Әзірге белгілісі, барлығы 12 адам қамауға алынды. Бүгін судья соның үшеуін екі ай мерзімге қамауға алу туралы шешім шығарды. Нұрболат Қайырбаев, Валерий Аксаков және Асхат Сарымбетовтер заңсыз мұнай тасымалын ұйымдастырды деген күдікке ілігіп отыр. Бұлардың соңғысы Ресей Федерациясының Орынбор облысында тұрып келген.

Зинаида Шмирова, №2 Ақтөбе қалалық сотының судьясы:

Қайырбаев қасақана ауыр қылмыс жасады, соның ішінде, қоғамдық қауіпсіздікке, тәртіпке қарсы бағытталған қылмыс істеді деген күдікке алынып отыр. ҚР ҚК 262 бабының санкциясы мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болып табылады.

Бұдан бұрын мұнай тасымалдау көлігін жүргізетін екі жүргізуші ұсталған еді. Қамауға алынған 12 адамның арасында ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деп айыпталған 1-ші топ мүгедегі Еркін Ізбасаров та бар. Ол Алматыдан Ақтөбеге жеткізілген.

Илиада Досова, Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің жетекшісі:

Сот қаулысымен Батыров, Қазкенов, Дүсіпов, Еркетаев, Амитов, Ілясов, қалиев, Сәрсенов, Ізбасар, Сарымбетов, Қайырбаев, Аксаковтарды екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берілді. Аталған тұлғалар "Рұқсат құжаттарынсыз мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдау, иемдену, өткізу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу және қылмыстық топ құру және оған басшылық жасау, сол сияқты оған қатысу" баптарымен күдікке алынып отыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Естеріңізге салайық, 7 желтоқсан күні Алматыда және Ақтөбедегі "мұнай өңдеу" зауыты маңында арнайы опрация өтті.  ҰҚК дерегінше, бұл "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысты" деген күдікке ілінген топты ұстау операциясы болатын. Құзырлы мекеме операция кезінде мұнай және мұнай өнімдері бар автоцистерналар тәркіленгенін сол кезде хабарлаған еді. Арнайы органдар күдіктілердің тізімі әлі де өсуі мүмкін деп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ