Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Шымкенттегі Дендросаябақ аумағының бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды

Шымкенттегі Дендросаябақ аумағының бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды

Шымкенттегі Дендросаябақ аумағының бір бөлігі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл - «AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясының араласуымен оң шешелген мәселе. Таяуда тағы 0,6 гектарды қайтару жоспарлануда. Бұл туралы комиссия мүшелерінің мегаполис тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды.

«Жер Аманаты» республикалық комиссия мүшелері әуелі Шымкенттегі Қызылжар тұрғын алабы тұрғындарымен кездесті. Мұндағы халықты әуежайдың санитарлық қорғау аймағына кіретін үйлердің мәселесі мазалайды. Қолданыстағы құқықтық -нормативтік актілер бойынша нысанның қорғау аймағы 100 метрге дейінгі қашықтықты алып жатуы шарт. Оған әуежай маңындағы 139 гектар жер кіреді. Бүгінде бұл аймақта 307 тұрғын үй бар.

Алайда, кезінде салынып кеткен баспаналарды бұзып, жерді мемлекет қажеттілігіне қайтарып алу қала қазынасына оңай соқпай тұр. Осы себепті әуежай маңына жаңа ұшу-қону жолағын салу туралы шешім қабылданған. Бірақ жаңа жолақ салынатын маңда 51 баспананың бұзылу қаупі бар.

Бақыт ЖАҚЫПОВ, ТҰРҒЫН:

Кезінде 2007 жылдан бері осы үйлер салынғанда мемлекет қайда қарап отыр? Осы әуежайдың бастықтары қайда қарап отырды? Аноу мектептен бері қарай 700 метрден үй салына бастағанда қайда қарады? +Бәрі біткен кезде кеп снос деді. Сносты тоқтатты, оған да рақмет. Енді 51 үйдің құжатын істетуге келгенде тағы заңға қайшы деп жатыр. Сонда қарапайым халық күю керек па бұл жерде?!

«Жер Аманаты» комиссиясының мүшелері мұнан соң Асанбай Асқаров атындағы Дендрологиялық саябақта болды. Аумағы 117 гектар болатын саябақ- бүгінде шымкенттіктердің ең сүйікті орындарының бірі. Алайда, оның кейбір бөлігі кезінде шенді-шекпенділердің ықпалымен заңсыз иеліктен шығарылғаны тексеру барысында анықталған.

Бақытжан БАЗАРБЕК, «ЖЕР АМАНАТЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

2022 жылы тексерген кезде 117 га боп тұр. Аумағы өзгермеген. Бірақ жер кетіп қалған. Сонда әкімдер конфигурацияны ауыстыра берген ғой. Ана жақтан жерді беріп тастаған. Ана жерден қосып алған жерді. Қазір 29 соттық жерді дендропаркке қайттан қосып алдық. Одан бөлек қазір сот процесінде 60 соттыққа сот процесі боп жатыр. Егер Алла қаласа тағы да 60 соттық жерді қайттан қайтарамыз. Яғни заңсыз кеткен қаулыларды қайттан бұзамыз.

Республикалық комиссия мүшелері «Кең баба» саябағының жері де мемлекетке қайтарылады дегенді жеткізді. Мұнда саябақ аумағына заңсыз құрылыс нысандары салынғаны туралы мәселе көтерілген.

Жанар БЕКТАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бір жылдың көлемінде біз 603 гектар жерді қайтардық. Бұл заңсыз иеленген жерлер болатын. Енді ендігі жылға, осы 2024 жылға біздегі саябақтардағы жерлерді қайтару бойынша жұмыстар атқаратын боламыз. Бұл –Кең баба және Қиял әлемі. Осыны жер комиссиясына арнайы кеп таныстырып, көрсетіп жатырмыз.

«Жер Аманаты» республикалық комиссиясының бастамасымен саябақ территориясындағы заңсыз құрылыс нысандарын сотқа беру бойынша алдағы уақытта талап-арыз беріледі.