Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналысы 41 миллиард АҚШ долларына жетті

28.03.2024ж. 20:00
441
Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналысы 41 миллиард АҚШ долларына жетті

Қытай салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанға тиісілі. Былтыр екі мемлекеттің сауда айналымы 41 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әсіресе жүк тасымалының үлесі басым. 22 процентке артып, 30 миллион тоннадан асқан. Бұл туралы Президент Аспан асты елінде өткен Боао Азия форумының сессиясында айтты. Жиында тағы қандай мәселелер сөз болды? Аружан Задабек айтады.

Боао Азия форумының 23-сессиясы. Қасым-Жомарт Тоқаев - құрметті қонақтардың бірі. Мемлекет басшысын БАФ директорлар кеңесінің төрағасы Пан Ги Мун мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи қарсы алды.

Биыл әлемдік жалпы ішкі өнімнің үлесі 60 процентке жетті. Бұл – Азия елдерінің жетістігі. Дүниежүзіндегі сауданың 53 пайызы да осы құрлыққа тиесілі. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған.

Экономикалық өсім біздің елде де байқалады. Былтыр 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың даму қарқынынан шамамен екі есе көп. 2029 жылға қарай оның көлемін тағы ұлғайту көзделген. Ол үшін алдымен фискальды және ақша-несие жүйесін жетілдіріп, қаржы ағындарын кеңейту қажет.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Нарықтық капитализациясы орасан зор Азиядағы алып облигациялар нарығы көптеген даму жобаларына қолдау көрсететін әлеуетке ие. Еуразиялық даму банкі жаңа қаржылық инвестициялық құрал ретінде панда-бондтардың бірінші легін шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жаһандық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін аса маңызды болуы мүмкін.

Экономиканы жетілдіруде көлік-транзит ынтымақтастығын арттыру маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Жуырда бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сирек кездесетін металдар көптеген технология үшін аса маңызды компонентке айналды. Олар өнеркәсіп, цифрлық технологиялар, ғарыш және қорғаныс сияқты стратегиялық салаларда мүлдем қалдық болмайтын деңгейге жету үшін қажет. Біз уран, литий, титан және басқа да сирек кездесетін элементтердің ірі кен орындарын игерудің ең тиімді тәсілдерін қолдану мақсатында халықаралық серіктестермен бірлесе жұмыс істеуді жалғастыра береміз.

Қазір дүниежүзінің үштен бір бөлігі азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Мәселені бірлесіп шешу қажет. Әр ел шама-шарқы жеткенше қол ұшын соза алады. Мәселен, Қазақстан – Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел. Мемлекет басшысы енді сол әлеуетті дұрыс пайдалануымыз тиіс, -деді. Форумнан кейін Президент ҚХР басшылығымен, халықаралық ұйымдар мен ірі компаниялардың жетекшілерімен бірқатар кездесу өткізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары жан-жақты талқыланды. Мемлекет басшысының сапары ертең де жалғасады.