Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

«Құмар ойынның кесірінен алаяқтыққа бардым»,- тұрғын

22.04.2024ж. 20:00
322
«Құмар ойынның кесірінен алаяқтыққа бардым»,- тұрғын

Иа өкінішке орай, құмар ойынның кесірінен соңғы мүлкінен айырылып, қарызға белшеден батқандардың қарасы көбейіп келеді. Осы айдың өзінде 10 мың адам құмар ойынға деген тәуелділігін мойындаған. Дегенмен, ресми түрде «лудомания» психиатриялық диагнозы тек 9 қазақстандыққа қойылды.

23 жастағы Марат - құмар ойындарының құрбаны. Жастайынан спортқа әуес жігіт әуелі бәс тіге бастаған. Жасөспірім шағында пайда болған тәуелділігінің кесірінен 30 млн теңгесінен айырылыпты. Бірақ мәселесі мұнымен бітпейді. Мойнында 7 млн теңге қарызы қалды. «Ал дертінің соңы алаяқтыққа әкеп соқты»,- дейді.

Марат, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Ақшадан басқа көптеген проблемалар шыға бастады. Ол менің өтірік айтуым, мысалы. Және де үйден әртүрлі заттарды ұрлайсың, ломбардқа тапсырасың заттарды. Жұмыстан 4-5 миллиондай ұрладым деп айта аламын. Проблеманы түсінемін. Ойыннан бас тартпасам, өмірім мен қалағандай болмайды. Тез - тез байып кетемін деген ой болды менде ставка арқылы.

Әттең, бұл арқылы байып кетпейтінін болашағы бұлыңғыр азаматтар тым кеш түсінеді. Тапқан-таянғанын бәске тігіп, өз үйінде ұрлық жасағандардың қатарында тәуелділікті зерттейтін маман - аддиктолог Жамбыл Абиев та бар. Тіпті, жанұясы бұл бассыздыққа шыдамай, одан бас тартқан. Құмар ойынға 6 жыл тәуелді болған Жамбыл мұның арты жақсылыққа апармайтынын содан кейін түсінген. Қазір осы жолда өзгелерге де көмек беріп жүр. Сөзінше, ойынқұмарлық ішімдікке тәуелділік пен нашақорлықты тудырады.

Жамбыл АБИЕВ, АДДИКТОЛОГ:

Тек қызықты сәттер үшін ғана басталған. Арақ пен есірткіге тәуелді болдым содан кейін. Гормоны счастья лудомандарда ставканы тігу барысында өте қатты бөлінеді. Осыны қалай қазіргі таңда экологичным способом жабуды, ставкамен емес, спортпен айналысу неше түрлі өмірдің қызығын в трезвости көру арқылы жеңуге болады. Адамның ойын өзгерту, бүкіл дерлік іс-әрекетін іс-қимылдарын, бәрін өзгерту керек.

Құмар ойын жас талғамайды. Оң мен солын танымаған жастар мен самайын ақ шалған ересектер де осы бір індеттің ілмегіне ілініп қалып жатады. Зерттеулерге сәйкес, бәс тігіп, құмар ойын ойнайтын 19-23 жас аралығындағы азаматтардың үлесі - 3,7%. 24-28 жас аралығындағы тұрғындардың көрсеткіші – 3,0%. Ал 29-дан 34 жасқа дейінгі азаматтардың үлесі – 4,7%.

Есенқожа РАХЫМЖАН, ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Лудоманиядан толық емделіп шығу әбден мүмкін. Бұл адамның ынта-жігеріне байланысты. Арнайы орталықта науқас орташа есеппен 8 ай ем алады. 5 ай әлеуметтік ортаға шықпай, психолог, аддиктологтардың кеңесін алу маңызды. Сондай-ақ науқастың ата-анасы мен жақындары да терапиядан өтуі қажет.

Ойын бизнесі саласында азаматтардың құқықтарын қорғау қауымдастығы лудоманияның белең алуына себепші бірнеше факторларды атап өтті. Бұған заңсыз, қандай да бір лицензиясыз жұмыс істейтін интернет-компанияларды жатқызуға болады. Сонымен қатар шетелдік букмекерлер және онлайн-казинолар да әсер етіп отыр. Қаланың бұрыш-бұрышы мен ғаламторды жайлаған букмекерлік жарнамалар тағы бар.

Бадри ШАИНИДЗЕ, ҚР ОЙЫН БИЗНЕСІ САЛАСЫНДА АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Еліміздегі онлайн ойын бизнесі ішінара көлеңкелі нарықта. Қарызға батқан азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салу қажет. Букмекерлік жарнамалардан көз сүрінеді. Оған шектеу қою керек деп 3 жыл бұрын айтқанбыз. Көптеген мемлекетте бұл саладағы жарнама қатаң бақыланады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Сәуір айының басында 7 мыңнан астам қазақстандық құмар ойыннан бас тартқан. Өткен айда егов-мобайл қосымшасы арқылы шектеу қою тетігі енгізілді. Қосымшаға кіріп, өтініш беру үшін сандық қолтаңбаңыз болса жеткілікті.