Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Робот сот орындаушы 3 мыңға жуық айыппұл өндірді

AstanaTV
10.05.2024ж. 15:28
239
Робот сот орындаушы 3 мыңға жуық айыппұл өндірді

ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли робот сот орындаушының жұмысына түсінік берді.

Жыл басында Тараз қаласында 10 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұлдарды өндіретін «Робот» жеке сот орындаушысын іске қосқан еді.

Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда оның 25%-ға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын.

Енді бұл қызметті робот тегін атқарады.

Жаңа жобаның арқасында ел азаматтары 2 млрд теңгеге дейін үнемдей алады.

«Бұл жеке сот орындаушы қызметіне ақы төлеу бойынша азаматтардың қаржылық жүктемесіне, сондай-ақ қағаз жеткізгіштегі құжаттан және адами фактордан толығымен бас тартуға оң әсер етеді. Қазіргі уақытта робот 2876 атқарушылық өндіріс қозғады, 4 278 876 теңге сомасына 226 өндіріс төленді», — деді Т. Уәли министрлік ұйымдастырған брифингте.

Жақын арада пилоттық жобаны республикаға тарату жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, министрлік әділет органдары салаларын цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аударады.

Мәселен, 29 ақпаннан бастап Kaspi қосымшасында қозғалған атқарушылық іс жүргізу туралы хабарлама іске қосылды.

Биылғы 4 наурыздан бастап коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу жөніндегі мемлекеттік қызмет «Электрондық үкімет» порталында қолжетімді болды.

Осылайша, коммерциялық емес ұйымдар енді eGov порталы арқылы мемлекеттік қызметті алуға өтініш береді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және eGovMobile Business қосымшасында заңды тұлғалар үшін онлайн сенімхат жобасын іске асырып жатыр.

Осылайша, заңды тұлға басшылары өз қызметкеріне сенімхатты электронды түрде бере алады.

Нәтижесінде осындай сенімхаттар «Цифрлық құжаттар» сервисінде одан әрі талап ету орны бойынша ұсынылмақ.