Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жамбыл облысында он шақты ауыл қалың қардың астында қалды

AstanaTV
14.02.2017ж. 20:00
4773
Жамбыл облысында он шақты ауыл қалың қардың астында қалды

Жамбыл облысының Жуалы ауданында он шақты ауыл қалың қардың астында қалды. Тынымсыз жауған қардың кесірінен жолдар жабылған. Биіктігі белуардан асатын ақ ұлпа баспаналарды басып қалуға шақ тұр. Не ары, не бері қатынай алмай қиналған тұрғындар азық-түлік пен өзге де қажеттіліктен қағылған. Жол тазалау жұмысына тартылған техникалардың ақ ұлпаны аршуға шамасы жетпей жатыр.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Бұл Антарктида немесе Аляска емес, қарапайым қазақ ауылы. Адам бойынан асатын қардың жатқанына аптадан асқан. Жұрт мал-мүлкіне жем-шөптің жетіспей жатқандығын айтып жыларман. Ал апта бұрын алған азық-түліктері таусылуға таяған. Осылайша, он шақты ауыл омбы қардың ортасында қалған.

Табиғаттың тосын мінезіне тап болған облыстық маңызы бар Момышұлы-Қошқар ата бағытындағы 80 шақырымға созылып жатқан жолдың бойындағы елді мекендер. Қызтоған, Көлтоған, Түркісіб, Күреңбел, Ертай, Кәріқорған ауылдары мен Шаһан асуы қазір қалың қардың құрсауында. Ал, ауылішілік жолдардағы қар баспана бойымен бірдей.

Әсет Сметов, Ертай ауылының тұрғыны:

Ел болғаннан кейін ол жерде ауру-сырқаулар болады, жүкті әйелдер болады. Бұл жерде ондай қызмет көрсететін орталықтар жоқ. Әйтеуір, осындай қиын жолмен барып, келуге тура келеді. Жолда қалып қалу деген нәрсе былайша айтқанда, ауыл тұрғындарына үйреншікті нәрсе болып қалды.

10 шақты елді мекеннің 20 мыңға жуық тұрғыны жолды аршу жұмыстары мандымай тұр деп жергілікті билікті кіналайды. Айтуларынша, қар тазалаушы техниканың түк тындырмай жатқанына бір жеті болған.

Раушан Естемесова, Көлтоған ауылының тұрғыны:


Техника тозған дейді де, әйтеуір техникадан көреді. Жолдың жоқтығынан сүт қабылдайтын ағайымыз келе алмай жатыр. Жол нашар өте. Содан елдерді әйтеуір наннан ажыратып отыр ғой. Сүт өткіземіз, бәрімізде 3-4 сиыр бар. Содан сүт қабылдайтын қиын болып жатыр, бір апта боп қалды сүтшіміз келе алмай жатыр.

Аудан атқамінерлері көне техниканың шамасы жетпей жатқанын мойындайды. Жол тазалау бойынша тендерде жеңіске жеткен «Инвест МК» компаниясында 8 техника бар көрінеді. Желтоқсан айынан бері 64 рет қар тазалау жүргізілген. Алайда, бұл аздық ететіндіктен, шынжыр табанды техникалар алуға аймақ басшылығына ұсыныс береміз деп отыр.

Ерболат Сейітбеков, Жуалы ауданы ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Бізде негізгі техника жеткіліксіз ғой. Бізде қазір 2 «Шнеко роутор Урал» бар. Осы 77 шақырымды бірден ашу мүмкін емес. Біз енді ұсыныс беріп жатырмыз. Компанияның өзінің техникасы мынандай қарға есептелмеген. Енді олар күнделікті қар боп жатыр. Олардың техникасы үлгере алмай жатыр.

Облыс атқамінерлері жағдайдан хабардар. Алайда, техника жетіспей жатыр дегенді жоққа шығарды. Жуалыдағы жағдайды уақытша болатын табиғаттың тосын мінезіне балап отыр.

Бақытжан Жәнібеков, Жамбыл облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы:

Бұл өзі өте күрделі участоктын жолы. Өтінім сұрап жатқаны да рас. Бір апта бұрын да 2 бульдозер жібердік. Қазір де міне қар жауып жатыр. Әзірге өздерінің күшімен жұмысын атқарып жатыр. Қажет болған жағдайда, мына өзіміздегі үлкен-үлкен мердігерлер бар көмекке баратын, солардың техникасын алып жібереміз.

Ал он ауылдың тұрғындары бірнеше күннен бері аудан орталығына жету үшін басын қатерге тігуге мәжбүр. Әзірге Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жұртқа жәрдем ретінде жол талғамайтын «Трэкол» автокөлігін жіберген. Олар қар құрсауында қалған 11 адамды құтқарыпты. Тек бір бағыт үшін беті ғана сылбыр сүрілген жолдар қатынауға қолайсыз болып тұр.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ