Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Оралдағы екі қабатты үйдің тұрғындары қауіпті үйден көшіруді сұрап отыр

AstanaTV
15.01.2018ж. 20:00
2531
Оралдағы екі қабатты үйдің тұрғындары қауіпті үйден көшіруді сұрап отыр

Оралдағы екі қабатты үйдің төбесі опырылып түсті. Тұрғындар енді үйдің қалған бөлігі үстімізге құлай ма деп қорқып отыр. Өйткені салынғанына жарты ғасырдан асқан бұл ғимарат бір де бір жөндеу көрмеген. Тұрғындар өз күштерімен жасауға тырысқанмен, үйдің әбден тозығы жеткені соншалық, жөндеуге де келмейді деп отыр.

Қазір тұрғындар құлаған жердің орнын жинастыруға кіріскен. Бірақ төбеден салбырап, әрең ілініп тұрған бөлік тағы да құлауы мүмкін. Үй иелері енді өзімізді басып қала ма деп қауіптенеді.

Полина Седлина, үй тұрғыны:

Кеше гүрс еткен қатты дыбысты естідік. Құлаған төбенің астында көрші қария қалып қоя жаздады. Есікті қатты жапқанда қабырға селкілдейді, жаңбыр  жауса, ішке ылғал өтеді. Әкімдік үйді бұзып, орнына жаңа пәтер береміз деген. Бірақ қасымыздағы басқа үйлерде тұратын екі отбасы бас тартты.

Руслан Сүлейменов, үй тұрғыны:

Бізді қауіпсіз жерге көшіруін сұраймыз, өйткені кез-келген уақытта құлауы мүмкін. Өзімізден бұрын, балаларымыз үшін қорқамыз.

Тұрғындар үйді шамасы жеткенше жөндеуге тырысыпты. Бірақ одан еш қайран болмапты. Жан-жаққа шағымданғанымен, 1957 жылы салынған үй апатты деп те танылмаған. Енді осы оқиғадан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері төтенше жағдай мамандарымен бірге үйге барып, акті жасаймыз деп отыр. Нақты қорытынды содан кейін ғана шығады.

Асхат Шадьяров, Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Еуразия даңғылындағы 244-үйдің тұрғындарынан арыз түскен жоқ. Сондай-ақ тұрғын үй қатынастары заңына сәйкес, әрбір тұрғын үй иелері үйлерін күтіп ұстауы қажет.

Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бұл маңдағы ескірген үш үйді бұзуды жоспарлап отыр. Яғни мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жаңа үйдің құрылысын бастамақ. Ал қауіпті деп танылмаған үйлерді айтпағанда, бүгінде Орал қаласында 43 апатты үй бар. Онда 400-ге жуық адам тұрып жатыр.

Еркін КАРИН