Спорт Қазақстан
$441.41 €477.78 ₽4.84
×

Жеке тасымалдаушыларға тиым салынуы мүмкін

AstanaTV
20.09.2018ж. 20:00
3178
Жеке тасымалдаушыларға тиым салынуы мүмкін

Жолаушының қауіпсіздігін емес, қалтаның қамын ойлайтын жеке тасымалдаушыларға талап күшейтілмек. Келер жылдан бастап мемлекеттік байқаудан өткендер ғана жолаушы таси алады. Инвестициялар және даму министрлігінің мамандары заңға осындай өзгеріс енгізуді ұсынып отыр. Мінбердегілер заңды талқылап жатқанда, тілшіміз тасымалдаушылардың тасадағы тірлігін көріп келді.

Сіздер документпен аласыздар ма адамдарды? Мен баланы мінгізіп жіберейін деп едім.- Болады ғой, неге болмайды? - Сол жақтан күтіп алады, ана жақтан. - Орын болса, әкетеміз ғой. Қанша баланы салып жібереді, апарамыз, әкелеміз.

Шымкентке жол жүргелі тұрған автобустардың барлығы баланы 5 мың теңгеге әкетуге әзір. Жүргізушілер ұзақ жолға шығатын автобустарды кім тексеретінен де бейхабар.

Қайдан өтеді техосмотрдан бұл кісілер өзі? Өте ма өзі? Қорқып тұрмын өткендегі Ақтөбеден кейін. - Білмеймін кім тексеретінін, о жағынан нем жоқ. Өздеріңіз білесіздер енді. Салып жіберемін десеңіздер, өздеріңіз біліңіздер, қазір бәрі жақсы ғой автобустар. Кәдімгі осы жерден тексереді. Аман-есен барып келіп жатыр ғой.

Қауіпсіздікке мән бермей, «Құдай сақтасын» деп жолға шығатын жеке тасымалдаушылар саны келер жылы едәуір азаюы мүмкін. Көліктік бақылау комитеті заңды қатаңдатуға кірісті. Депутаттар құптап отыр. Уәлихан Қайназаров жүйені ретке келтіруді көліктің пайдалану мерзімінен бастау қажет дейді.

Уалихан Қайназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бізде, Шымкентте 40 жылдан аса уақыттан бері адам тасып жүрген автокөліктер бар. Бұндай көліктермен қалай жолаушы тасуға болады? Ақтөбедегі болған қайғылы жағдай тасымалдау саласындағы былықты көрсетіп берді. Сондықтан автокөліктердің жұмыс жасау мерзімінде тәртіп болуы керек. Сосын талапқа сай дәрігер, техникалық куәлігі деген сияқты базадағы жағдайды қолға алу керек. Өкінішке орай, аймақтарда оны орындап жатқан ешкім жоқ.

Жаңа көлік заңы күшіне енсе, тасымалдаумен айналысатын көлік компанияларына талап күйшейтілмек. Инвестициялар және даму министрлігі автоматтандырылған жүйе арқылы бірыңғай базадағы конкурстан өткеніне ғана жолға шығуға рұқсат береді.  

Әсет Асавбаев, ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгi көлiктiк бақылау комитетiнiң төрағасы:

Пайдалану мерзіміне қатысты біз тиісті талдау жүргіземіз. Негізі жеке тұлғаларға үлкен сыйымдылықтағы автобустармен адам тасымалдау үшін тіркелуге тиым салу әлемдік тәжірбиеде бар. Сонымен қатар пайдалану шарты бойынша да мерзімі бар. Қазір талдау жүргізіліп жатыр. Электронды мемлекеттік сатып алу қағидаты қаралып жатыр. Яғни бұл жүйе автоматтандырылады. Елімізде көлік тасымалы бойында бірыңғай талаптар болады.

Биыл мемлекеттік автобус тасымалына Қазақстанның даму банкінің лизингі арқылы несиелендіруге 10 млрд-тан астам ақша бөлінген. Ал 2021 жылға дейін елімізде 11 мыңдай автобус жаңартылады деп күтіледі. Министрлік өкілдері осылайша тасымалдаудағы түйіткілдерді кезең-кезеңмен шешеміз дейді. Ал әзірге тасадағы тасымалдаушылар жолаушының өмірін тәуекелге тігіп сапарға шыға бермек. 

Ғалия МҰХАМБЕТҚЫЗЫ, Марат БУДАНОВ. Астана телеарнасы.