Спорт Қазақстан
$441.41 €477.78 ₽4.84
×

Қызылорда облысы Қызылөзек ауылы ауыз су желісіне қосылды

AstanaTV
21.01.2014ж. 20:00
2880
Қызылорда облысы Қызылөзек ауылы ауыз су желісіне қосылды

Денсаулықтың кепілі - таза ауыз суы. Қызылорда облысы Қызылөзек ауылы ішек ауруына шалдыққандар ошағы болып келген. Бұл проблема бүгін шешімін тапты. Ауылға су келді. Жылдан-жылға өркендей түскен ауылда ата кәсіпті жалғастырып жатқандар көп. Төрт түлік мал өсіріп, өнімін алуға ұмтылғандар қолдау көріп отырғандарын айтады. Біздің тілшіміз Шарипа Сақтапова осы ауылдын берекелі жаңалықтарын өз көзімен көріп қайтты. 


Ауылдағы Роза апайдың қуанышында шек жоқ. Үйінде қаладағы коммуналды пәтерлердегідей ыстық және суық су сылдырап ағып тұр. 40 жылдық еңбек өтілі бар дәрігер, ауыз судың зардабын ауыл болып тартып келгендерін айтады.


Роза Бітлеуова, Қызылөзек ауылының тұрғыны:


Даты көп, сарғайған, сары сұлар болатын, сұ құбырлары барлығы ескіргендіктен, лайланып та ағатын, біз оны тек қайнатып ішетінбіз. Балалар іш ауру болатын жазғы күні. Көлден ішкендер де болды.


Мамандардың айтуынша, ауылдағы магистральді су құбыры 30 жылдан астам уақытта бірде-бір күрделі жөндеуден өтпеген. Соңдықтан болар тұрғындар арасында бүйректерінде тас табылатын науқастар жиі кездесетін. Ауыз судың мәселесі өткен жылдың аяғына қарай шешімін тапты. «Ақ бұлақ» бағдарламасына енген ауылдын 300 отбасы бүгін сапалы су ішіп отыр.


Абзал Шоқпаров, Қызылөзек ауылдық округінің әкімі:


Республикалық бюджеттен 244 миллион қаражат бөлініп, 11 километр магистральді ауыз су жүйесі, 7 километр әрбір үйге тартылған желілер саны, қәзіргі таңда 24 сағат бойы ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді.


Ал ағайынды Тұмановтар атасынан әкесіне қалған мал бағу кәсібін дөңгелетіп келеді. Бүгінде олардың табыс көзі де мал болып отыр. Бір кезде он шақты ірі қара мал басымен істерін бастаған қос ағайынды банктерден несие ала алмай дал болған. "Қазір мемлекет фермерлерге жан-жақты демеу көрсетіп отырғанын сезінемін", - дейді.


Ермек Тұманов, фермер:


Елбасы кешегі Жолдауында жеке кәсіпті дамытамыз деп жатыр, естіп, қуанып жатырмыз. Атадан қалған дәстүр ғой - мал өсіру. Інім екеуміз төрт түлік малды асырап, өндіріп жатырмыз. Бала-шағамызға қалсын деп.


Қызылөзек ауылында осылайша жаңа серпілістер орын алып, көптің игілігіне айналуда. Айта кетейік, Қызылөзекке көрші орналасқан Айнакөл ауылының тұрғындары да биыл таза суға қол жеткізеді. Одан кейін Қараөзек станциясының да су құбыры күрделі жөндеуден өткізілмек.


Шарипа САҚТАПОВА