Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

«Шоқ пен Шер» фильмінің авторы - Қанымбек Қасымбеков көз жұмды

AstanaTV
17.02.2014ж. 13:00
7133
«Шоқ пен Шер» фильмінің авторы - Қанымбек Қасымбеков көз жұмды

Қазақ мәдениеті мен өнері тағы бір орны толмас қазаға душар болды. Осы демалыс күндері 71 жасқа қараған шағында әйгілі «Шоқ пен Шер» фильмінің авторы - Қанымбек Қасымбеков созылмалы сырқаттан соң көз жұмды.

Қанымбек Қасымбеков 1943 жылы 4-ші ақпанда Алматы облысының Жамбыл ауданында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтын бітірген. 1969-шы жылдан «Қазақфильм» киностудиясында қоюшы-режиссер ретінде еңбек етті.

Ол түсірген «Шоқ пен Шер» толық метражды көркем фильм 1972 жылы Монте-Карло қаласында өткен Халықаралық фестивальде балаларға арналған кино туындылары арасынан бас жүлдені жеңіп алған. Оның «Қызыл отау», «Ұш, тырнашым, ұш», «Соңғы түлкі», «Саған күшік керек пе» атты көркем фильмдері балаларға арналған қазақ көркем фильмдерінің классикасына айналды. Ал Мейрамбек Беспаевтің қатысуымен түсірілген «Қоштасқым келмейді» көркем фильмі тоқсанынышы жылдары өз көрерменін тапты.

Мейрамбек Беспаев, әнші:

Мен ол кісіні әкемдей көрдім. Менің суретімді көшедегі афишадан көріп, кинопробаға шақырған. Содан бастап біз екеуміз әке мен баладай өмір сүрдік 1991 жылдан бері. Мен бүгін оның туыстарына, "Қазақфильм" ұжымына қайғырып көңіл айтамын.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ