Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Әуе билеттері арзандауы мүмкін - Т.Тоқтабаев

AstanaTV
24.09.2018ж. 20:00
2916
Әуе билеттері арзандауы мүмкін - Т.Тоқтабаев

        Бабалар басына зиярат етуге келгендер көрпе-жастығын арқалап жүруге мәжбүр. Түркістанда Ахмет Ясауи кесенесіне кіруді ақылы етіп қойған Мәдениет министрлігі әлемдік тәжірибені ескермеген сыңайлы. Үкімет сағатына келген Арыстанбек Мұхамедиұлы осы сынды депутаттар сауалына жауап беруге тырысты.

Тұрғын Сыздықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мәселен Бекет ата басына көп адам келеді. Облыс әкімі жолды да салған. Бірақ зиярат етіп түнеуге келген адамдар қалай болса солай, еденге, көрпешеге жатуға мәжбүр. Өздерімен әкелген тамақты бір-бірімен бөлісіп жейді. Киелі жерден алып кететін кәдесый деген атымен жоқ. Дәретхана туралы айтудың өзі ұят. Ешқандай инфрақұрылым салынбаған. Ал бұл нысандар дүниежүзіне белгілі.

        Алайда министр киелі орын мәдени мұраға кірмейді. Сондықтын оның жай-күйіне жергілікті билік жауапты деді. Соңғы кезде көпшіліктың талқысына түскен тағы бір түйткіл Түркістан облысындағы кесенелердің ақылы болуы.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жүрген-тұрғаныңның бәрі ақша. Сонда әулиеге дұғаны қалтасында ақшасы бар азаматтар ғана бағыштай ала ма? Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жағдай осындай. Түсінем, егерде мемлекет тарапынан қаражат бөлінбесе, бүгінгі таңда бұл кесенелерге садақадан басқа субсидия да бөлініп отыр ғой. Кесенеден түскен қаражат қандай бюджетке түседі және қалай жұмсалады?

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Сізге шынын айтайын, осыған дейін Қожа Ахмет Яссауи, Арыстанбаб болсын тегін болғасын, ішін барлығын мешітке айналдырып жіберді. Тегін кіреді дағы намазын оқиды, 5 уақыт намазына кіреді. Азын-аулақ тамағын ішіп жатады. Ештеңе істей алмайсың. Неге десеңіз бәрін тегін. Шығады дағы кіреді, шығады дағы кіреді. Соны тоқтату үшін халықаралық тәжірбиеде бар, барлық үлкен орталықтарға ақылы бөлім.

        Депуттар туризмнің дамуына тұсау болып тұрған мәселенің бірі - ұшақ қызметінің бағасына да шүйлікті. Ал билеттер келесі жылы арзандауы мүмкін. Энергетика министрлігі отандық авиаотынмен қамтамасыз етсе, баға түседі деген үміт бар.

Тимур Тоқтабаев, Инвестициялар және даму вице-министрі:

Қазіргі таңда Энергетика министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатыр. Келесі жылы әуе кемелерін отандық авиаотынмен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Сондай-ақ елімізде тұрақты рейстер саны да өсіп келеді. Бүгінде бұл көрсеткіш 15 процентті құрады. Бұның барлығы бағаның төмендеуіне септігін тигізеді. Әуе отынының бағасын ескерсек, келесі жылы қазақстандықтар үшін баға қолжетімді болады деп ойлаймын.

        Ал Денсаулық сақтау вице-министрі елде медициналық туризмді дамытуға инвесторлар тартып жатқанын айтты. Сырттан ем іздеп келетіндер саны артқан. Әзірге шетелдіктер біздің медицинадағы қолдан ұрықтандыру қызметіне көп жүгінеді. Бұған оның арзан бағасы әсер етсе керек.

  Қылышбаева Г.