Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қазақстанда алғаш рет көксерке балығын жасанды жолмен көбейту, өсіру жобасы қолға алынды

AstanaTV
17.05.2019ж. 20:00
8616
Қазақстанда алғаш рет көксерке балығын жасанды жолмен көбейту, өсіру жобасы қолға алынды

Қазақстанда алғаш рет көксерке балығын жасанды жолмен көбейту қолға алынды. Жаңа технология Арал өңіріндегі Қамыстыбас балық питомнигінде енгізіліп жатыр. Бағалы балықтың популяциясын көбейту ісі Еуропада оған сұраныс артқандықтан қолға алынып отыр. Шарипа Сақтапованың репортажы.  

Мамандар жаңа жобаны бірігей, технологиясы қарапайым әрі тиімді деп отыр. Инкубаторда «көксерке» балығының дернәсілдері өсіріледі, кейін оларды тоғандарға жібереді. Ғалымдардың айтуынша, «көксеркені» мұндай тәсілмен көбейту бұған дейін еш жерде қолданылмаған. Сондықтан оның патенті балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығына ғана тиесілі.  

Тынысбек БАРАҚБАЕВ, БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМИ-ӨНДІРІСТІК ОРТАЛЫҒЫ АРАЛ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Қолдан ұрықтандырған жағдайда табиғи жағдайдан 3-4 есеге көп өнім аламыз. Яғни, табиғи жағдайда көксерке балығы ұрықтанғанда бір 10 пайызға дейін өсетін болса, ал біздің жағдайда 50 пайызға дейін жеткіземіз.

Директордың айтуынша, қазір Арал теңізінен «көксерке» балығы жылына мың тоннаға дейін ауланады. Жаңа жоба нәтижесінде бұл лимит еселенеді деп сендірді. Биыл 60 мың шабақты өсіру жоспарланған. Күзде олардың барлығы көлдер мен Арал теңізіне жіберілмек.  

Нұрғабыл ҚҰЛАНОВ, ҚАМЫСТЫБАС БАЛЫҚ ПИТОМНИГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Біздің тарапымыздан мынау бүкіл оборудованиялар, тоғандар беріліп. Ол тоғандарда екі жаздық біз өзіміз өсіріп жатқан балықтармен бірге «көксерке» балығының бір жаздық ұрықтарын өсіруге жоспарлап отырмыз. Мысалға, жылыны біздің мекеменің өзінің өсіріп отқан 14 миллион 800 мың біржаздық, 420 мың екі жаздық балықтарымыз бар.

Жоба авторларының айтуынша, көксеркені жасанды жолмен көбейту ел аумағында алғаш рет қолға алынған шара. Болашақта оны кез келген балық шаруашылығына енгізуге де болады, деді жобаны қаржыландырып отырған акционерлік қоғам басшысы.      

Құрманғазы ОМАРОВ, «ҒЫЛЫМ ҚОРЫ» АҚ ЖОБАЛЫҚ ДИРЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:  

Бұл жобаға грант есебінен 97 миллион теңге көзделіп отыр. Бір айтып кететін жәйт, бұл жобаға жеке серіктес қатысып отыр. 4 миллион теңге қосып отыр. Біздің негізгі мақсатымыз-осы жобаны қаржыландыру арқасында осы жобаның оң нәтижесін Қазақстанның барлық шаруашылықтарына кен түрде таратып кету.

Ғалымдар көксеркені жасанды жолмен көбейту, оны өсіру жобасы, аймақтың экспорттық потенциалына оң әсерін тигізеді деп отыр. Өйткені, дәл осы балық Еуропалық тұтынушылардың ерекше сұранысына ие көрінеді.  

Ш. Сақтапова