СҚО-ның Қызылжар ауданында оралмандар баспанасыз қаламыз ба деп алаңдаулы

СҚО-ның Қызылжар ауданында оралмандар баспанасыз қаламыз ба деп  алаңдаулы
16 мамыр, 20:00

Солтүстік Қазақстандағы оралмандар баспанамыздан айрылып қаламыз ба деп алаңдаулы.  Бірнеше жыл бұрын тегін берілген үйлерін енді шенеуніктер тартып алмақ болып жатқан көрінеді. Әкімдік өкілдерінің бұл әрекетіне не себеп болды? Аймақтағы әріптесім Абзал Құрманкин тараптарды тыңдап қайтты.

Өзбекстан, Моңғолия және Ресей елінен келген қандастарымыз Қызылжар ауданының Новокаменка селосына 2008-ші жылы қоныстанған. Сол кезде жергілікті билік оларға су жаңа баспана берген.

Сапарәли Садықбаев:

Көшіп кетпей, 5 жыл отырсыңдар болды, кейін үйді приватизацияға береміз деді. Тегін аласыңдар деді. Соның бәрі кейін жоқ  болды. Ешкім мойындамайды. Районға да бардық. Ондай қағаз да, документ те жоқ деді.

Әкімдікке сеніп, 10 жыл бойы бейқам тірлік кешкен 10 отбасы заңды құжат бұйырмай ма деп алаңдаулы. Шенеуніктер ай сайын үйдің жалдау құны ретінде 11 мың теңгеден төлеуді талап етіп отыр. Картоп егіп, одан алған өнімді сатумен күнелітп отырған халық бұл қаржыны қалтамыз көтермейді дейді.

Марат Бақтыбаев:

Жарайды біз төлесек, ол осы үйдің ақшасына кіре ме, дедік. Ол айтты, ешқандай ақшасына кірмейді, тек арендный плата деді. Осында тұра бересіңдер, тек айына 11500 теңге деді. Енді бізде жұмыс жоқ, не басқа жоқ. Қайдан төлейміз айтыңызшы?

Билік өкілдері баспананы жекешелендіру үшін үй құнының 30 пайызын бірден өтеп, қалғанын 10 жылға бөліп төлеуді ұсынған. Бірақ, жұрт сапасыз баспана үшін бұл ақша тым қымбат, дейді.

Байбол Раджапов:

Мысалы, түнгі 2-3-ке от жағам, сонда 2-3 сағат жатам ба, таңғы сағат 4-5-те қайтадан от жағу керек. Суып кете береді. 42 мың долларға бағалап отыр бұл үйді. Бұл үйдің ақшасына бар ғой мен ана жерден дворец үй саламын.

Ал әкімдік өкілдері бұл үйлердің әу баста жалға берілетін баспана ретінде салынғанын айтады. Сондықтан тұрғындардың толық ақысын өтеп қана жекешелендіруге құқығы бар дейді

Қайсар Әмрин, СҚО Қызылжар ауданы ТКШ, сәулет және құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Тегін берілген жоқ. Жалға алынатын коммуналдық үйлер болып саналады. Сондықтан олар келісімшартқа отыруға тиісті. Ол адамдарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Абзал Құрманкин, тілші:

Атқамінерлер әлі бір айдың шамасында халық арасында төлем жүйесін егжей-тегжейлі түсіндірмек. Ал келісімшарттан бас тартқандарды жазды күні сотқа беріп, үйлерді заңды түрде тәркілеп алмақ. Айта кету керек, Қызылжар ауданы бойынша бүгінде 263 жалдық-коммуналдық үй бар. Оның әзірге 40-қа жуығы дәл осындай дауға айналып, тағдыры әлі күнге дейін шешілмей отыр.

А.Құрманкин