Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қызылжарда тұрғындар әуежайдың суықтығына шағымдануда

17.01.2024ж. 20:00
560
Қызылжарда тұрғындар әуежайдың суықтығына шағымдануда

Қызылжарда тұрғындар әуежайдың суықтығына шағымдануда. Рейсті күткен жолаушылар әбден тоңып, тұмауратып қалғандарын айтады. Мұндай проблемаға тіпті Мәжіліс депутаттары да тап болған. Жақында ғана күрделі жөндеуден өткен терминалдың суықтығына не себеп? Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин жауаптылардан сұрады.

Жылдар бойы тірлігін тіктей алмаған Петропавл халықаралық әуежайы бүгінде ұшақтарды күнде қабылдап жатыр. Алайда, рейстердің уақыты жиі кешіктірілетін көрінеді. Жолаушылар әуе вокзалының ішінде ұзақ отыру мүмкін емес, дейді. Себебі, халықаралық стандарттарға сай келетін нысанның іші өкінішке қарай азынап тұр.

БЛИЦ-САУАЛНАМА

- Летное поле сол тайғақ, біз жұма күні осыдан ұштық сұп-суқ мынаның іші суық.
- Әдеттегідей рейс кешіктірілді. Ұшақтың Астанадан келгенін күткенше бір сағаттай отырдық. Қатты тоңып қалдым.

Әуежайдың ішкі жағдайына Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың да көңілі толмаған. Теріскейге жұмыс сапарымен келген халық қалаулысы тоңып-жаурап, ізінше бар мұңын әлеуметтік желіде жайып салған.

Ирина СМИРНОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Мен қалың киініп отырдым. Үстімде тон, аяғымда жылы аяқ киім болды. Бірақ қатты тоңып қалдым. Ал басқа жолаушылар жұқа киінген. Олар тіптен жаураған шығар. Әуежай басшылығы жолаушылардың жағдайын ойлап, ғимараттың бір бөлігін арнайы жылытып отырса болады ғой.

Петропавл әуежайы 2018 жылы күрделі жөндеуден өткен. Ұшақтардың ұшып-қону жолағы мен терминалға жалпы 6 миллиард теңге жұмсалған. Алайда, құрылыстағы кемшіліктер енді шыға бастаған көрінеді. Қысты күні нысанның ішінде ауа температурасы 15 градустан аспайды. Мекеме басшылығы қосымша қондырғылардың көмегімен мәселені уақытша шешіп отыр.

Евгений ТЮРМОРЕЗОВ, ПЕТРОПАВЛ ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ӨКІЛІ:

Әуежайдың суық болған себебі - күн аяз болып, екпінді жел ғимаратты қатты суытып жіберді. Сондықтан жолаушыларға ыңғайсыздық туғызды. Қазір біз қосымша екі жылыту қондырғыларын қойдық. Соның арқасында нысанның ішіндегі температураны 12 градустан 18 градусқа дейін көтердік.

Сөйтіп, әуежай өкілдері нысанды жылыту үшін ауа райының тез арада оңалуын тілеп отыр. Ал мәжіліс депутаты проблеманы шешуге білек сыбана кіріскен көрінеді. Ирина Смирнова Азаматтық авиация басқармасы мен көлік министрлігіне арнайы хат жолдап, мәселені түпкілікті шешуді талап етпекші.