Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыдағы 7 жастағы қыздың өліміне қатысты өгей шешесі өз ойын айтты

AstanaTV
18.01.2024ж. 10:39
1802
Алматыдағы 7 жастағы қыздың өліміне қатысты өгей шешесі өз ойын айтты

Алматыда 7 жастағы Каринаны асқан қатыгездікпен ұрып өлтірді деп айыпталған әйел өлімге қыздың әкесін кінәлады. Ол сотта өгей қызының туған әкесінің қолынан қаза тапқанын айтты, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Сотта күдікті Балжан Тұрлыбек азаматтық некедегі күйеуін ғайбаттап, оның үнемі ішіп келіп, қызына қол жұмсағанын атап өтті.

Карина дәрет жіберіп қойып, әкесі оны жуындыруы керек болған. Мен оған «баланы ұрма» дедім. Үй жинап жүргенде ваннадан бір дыбыс шықты. Барып қарасам, Карина ваннаның ішінде ісініп, қорылдап жатыр. Жуындырып, бөлмеге апарып жатқыздым. Мен тек оны талып қалған екен деп ойладым. Өліп қалады деген ой болмады, – деді айыпталушы.

Осылайша, ол Каринаны әкесі кезекті рет оңдырмай сабағанын, баланың ваннада тілге келместен көз жұмғанын жеткізді.

Еске сала кетсек, оқиға былтыр шілде айында болған еді. 7 жасар қыз өгей шешесінен төрт ай бойы таяқ жеп, ақыр соңында миына қан құйылып, көз жұмған. Қыздың өгей шешесі әрі өзін қоғам белсендісі ретінде көрсететін Балжан Тұрлыбек қамауға алынды.

Каринаның әжесі мен басқа да туыстары қыздың туған әкесін де жауапқа тартуды талап етіп отыр.