Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырауда екі айға төтенше жағдай жарияланды

30.01.2024ж. 20:00
513
Атырауда екі айға төтенше жағдай жарияланды

Атырауда екі айға төтенше жағдай жарияланды. Қала маңындағы «Жұлдыз-1» ықшамауданының тұрғындары жергілікті биліктің табалдырығын тоздырып жүріп, әрең дегенде қол жеткізді. Олар сасық судың үстінде отырғанын айтып талай мәрте шағымданған. Мұнда кәріз жүйесі мүлдем жоқ. Жер асты суы көтеріліп, аула түгілі, еденнің астына тіреліп тұр. Төтенше жағдай жарияланғанмен мәселе шешіле ме? Тілшіміз баяндайды.

Жер үй салып қоныстанғанына 20 жылға жуықтаған «Жұлдыз-1» ықшам ауданы халқы тыныш ұйықтаудан қалған. Баспанасының қабырғасы жарылып, сыз тартқаны былай тұрсын, еденді көтерсе, астында су шығатынын билік өкілдеріне талай көрсеткен. Құлағалы тұрғандары да бар. Бірақ шығарып салма жауаптан қажып, әкімдікті сотқа берген. Тіресіп жүріп, төтенше жағдай жариялауды талап еткен де – өздері.

Айгүл ДОСҚАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жер берілгенде бүкіл инфрақұрылыммен бірге свет, су, газ, телефон бәрін қосты ғой. Жол қосу керек да. Адамға өмір сүруге жағдай жасау керек. Солай ма? Судың кірісін жасады, неге халық шығысын 2030 жылға дейін күту керек? Халық өз күшімен мына суды түсіре алмайды ғой. Қанша тартырса да біздің әліміз келмейді. Сондықтан ЧС жариялауды талап етіп тағы шықтық.

Жерасты суының көтерілуіне тұрғын үйлер ауласындағы түбі тесік септиктер әсер етіп тұр. Кәріз жүйесі болмаған соң тұрғындар сондай айлаға барған. Мамандар бүгінде қауіп төнген аумақтың көлемі 21 гектардан асқанын айтады. Онда 200-ден астам учаске бар. Қала билігі мамандармен ақылдасып, эксперимент ретінде 4 метрлік тереңдікке инесүзгі орнатқан. Тәулігіне 100 тоннадай жерасты суын шығарып жатыр.

Ерболат ОМАРОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Уақытша болса да бұл жұмысты шұғыл түрде жасап жатырмыз. Әрі қарай бізде бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда. Кәріз жүйелерін жүргізу бұйырса, маусым-шілде айында мемелекеттік сараптамадан шығу күтілуде. Мердігерлер аяқталғаннан кейін. Содан кейін сол жұмыстар ақша бөлініп басталатын болады.

Атқамінерлердің өзі бұл жобаға қанша қаржы кететінін дөп басып айта алмай отыр. Нәтижесіне де сенімсіз. Инесорғының санын 30-ға жеткізіп, жерасты суын түсіргенше сорып, тоқтатамыз,- дейді. Ал гидрогеологтар кәрізбен бірге дренаж жүйесі үздіксіз жұмыс істемейінше, мәселені шешу мүмкін еместігін айтады.

Едіге САБУРОВ, ГИДРОГЕОЛОГ:

Дренаж жүйесін салмадық дедік. Тұрғындар не істейді? Олар септикті дренаж құдығы қылып, судың деңгейін түсіру үшін соның суын апарып, канализацияға қосып. Анау ащы су. Яғни, су тазарту қондырғысына қойған бір мақсатымыз орындалмайды.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Алайда қала әкімінің орынбасары күн тәртібінде дренаж жүйесін салу мәселесі тұрған жоқ,- деп ашық айтты. Әзірге сметалық құжаттама кәріз жүйесіне дайындалуда. Инесүзгілерді орнатудың өзінде де кедергі көп. Ауылішілік жылу, су, құбырлары, электр желісінің арасынан бос орын табу да қиындық тудырып тұр. Тұрғындар зорға қол жеткізген төтенше жағдай нәтижелі бола ма, ол уақыт еншісінде.