Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

19.02.2024ж. 20:00
310
Астанада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Әр түрлі саланың мамандары оқушыларды барынша қорғауға бағытталған бірлескен іс-қимыл жоспарларымен семинар тренингте бөлісті.

Кәмелет жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылық күннен күнге артуда. Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиевтің айтуынша, бұл мәселеде жүйелі ведомствоаралық шаралар үлкен рөл атқарады.

Қасымхан СЕНҒАЗИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Ювеналды полицияның қалалық есебінде тұрған балалардың әрқайсысына әлеуметтік төлқұжат жасалды. Яғни, біз олардың бос емес екенін қадағалаймыз, содан кейін қалалық есептен шығарып, олармен жұмысты жалғастырамыз.

Полицейлер сабақтан тыс уақытта балалардың көбі пайдалы іспен айналыспайтынын айтады. Бос, көшеде бей-берекет жүрген жасөспірімдер түрлі жағдайға ұшырайды.

Қанат НЫСАНТАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ПД ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 Көбіне кәмелетке толмаған жас балалар түнгі уақыттарда тыныштық бұзып жатады. Сонымен қатар, рейдтік іс-шарада кешке заңды өкілдерінсіз жүрген жасөспірімдерді полиция бөлімдеріне жеткіземіз.

Төтенше жағдайлар департаменті балаларды табиғи апаттарға дайындаудың да маңыздылығын атап өтті.

Азамат ЖҮРМЕКЕШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ТЖД АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ОФИЦЕРІ:

Білім беру мекемелерінде 200-ге жуық өрт қауіпсіздік шаралары өтті. Жер сілкінісінен кейін мектептерде сейсмикалық жаттығулар да жүргізілді. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі жаз айларында суға шомылу, ал қыста жұқа мұз кезінде де ескеріледі.

Семинарда сонымен қатар, жасырын келетін қауіп түрлері туралы сөз қозғалды. Олардың қатарында буллинг, зиянды әдеттерге баулу, мәжбүрлеу әрекеттері бар. Осының кесірінен балаларда психологиялық күйзелістер болады.

Ұлжалғас ҚОЗЫБАЕВА, № 54 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі таңда балалардың өз-өзіне қол жұмсауы, яғни суицид деп айтамыз. Сол суицидтің орын алуы өсіп жатқандықтан, балаларды алдын алу, сол жағдайға жібермеуіміз, ондай жағдайдың болдырмауы жайлы әрбір өткен іс-шарада да, тәрбие сағаттарында да, сынып сағаттарында да айтылып жатады.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша акциялар елорданың барлық мектептерінде 10-22 ақпан аралығында өтеді.