Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

«Күміс жас»: 10 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды

AstanaTV
26.04.2024ж. 14:04
595
«Күміс жас»: 10 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды

1 сәуірдегі жағдай бойынша «Күміс жас» жобасы бойынша 9,9 мың адам жұмысқа орналастырылды. 2024 жылы осы бағыт бойынша барлығы 19 060 адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, бұл жобаға 50 жастан асқан жұмыссыз адамдар зейнеткерлік жасқа толғанға дейін қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш беру қажет.

«Күміс жас» жобасын қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс берушінің жоба шеңберінде жұмысқа орналастырылған жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидиялар беру жолымен жүзеге асырады. Субсидиялар мөлшері: жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60% (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды, - делінген мәліметте.

«Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші зейнеткерлік жасқа толмаған адамды кемінде 1 жыл мерзімге тұрақты жұмыс орнына, сондай-ақ зейнеткерлік жасқа дейінгі адамды зейнетке шыққанға дейін жұмысқа орналастыруға міндетті.

«Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа орналасқандардың ең көп саны Түркістан облысында – 1,8 мың адам, Жамбыл облысында – 896 адам, Абай облысында – 619 адам және Шымкент қаласында – 689 адам байқалады. Жобаға қатысатын әйелдердің үлесі 55,6% немесе 5,5 мың адамды, ауыл тұрғындарының үлесі – 5,7 мың адамды немесе 58,2% құрайды.

Республика бойынша орташа жалақы мөлшері 135,6 мың теңгені құрады, осы мәннің ең жоғары көрсеткіші – Шығыс Қазақстан (202,7 мың теңге), Қызылорда (180 мың теңге) облыстарында және Астана қаласында (177,6 мың теңге), ең төмен көрсеткіші – Батыс Қазақстан облысында (100 мың теңге) және Алматы қаласында (98,3 мың теңгеден).

Елордада 2024 жылы «Күміс жас» жобасы бойынша мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда.