Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Мемлекет басшысы Сингапур Парламентінің спикерін қабылдады

AstanaTV
30.04.2024ж. 12:43
323
Мемлекет басшысы Сингапур Парламентінің спикерін қабылдады

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Сингапур Парламентінің спикері Сеа Киань Пен бастаған делегацияны қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Сингапур арасындағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі кеңейтуді көздейтін кездесу достық рәуіште әрі нәтижелі өтті.

– Біз – уақыт сынынан өткен сенімді серіктеспіз. Өзара байланыстарды нығайту үшін ауқымды жұмыс жүргізілді. Дегенмен алдымызға екі елдің ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған биік мақсат қойып отырмыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, халықаралық ынтымақтастықты арттыруда және мемлекеттер арасындағы диалогқа ықпал етуде парламенттік дипломатия аса маңызды рөл атқарады.

Президент бүгінде Қазақстанда 140 сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейтінін, олардың ел экономикасына құйған инвестициясының жалпы көлемі 1,4 миллиард доллардан асқанын атап өтті.

Сеа Киань Пен қонақжайлық танытқан Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, екі елдің ынтымақтастығын тереңдету үшін мол әлеует бар екенін айтты.

Кездесуде экономикалық және инвестициялық ықпалдастық перспективаларына баса назар аударылды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.