Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Алматы әкімі соғыс ардагерлеріне Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді

AstanaTV
08.05.2024ж. 13:16
640
Алматы әкімі соғыс ардагерлеріне Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді

Алматы әкімі Ерболат Досаев 9 мамыр мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлерінің үйіне барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.

Ерболат Досаев Екінші дүниежүзілік соғысына қатысқан 99 жастағы Иван Матвеевич Бегуновқа барды. 1925 жылы Украинаның Житомир қаласында дүниеге келген. Ақтөбе облысында Кеңес әскері қатарында қызмет атқарып, сол жерден майданға кетті. Ардагер 228-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында соғысты.

Пулеметші Иван Матвеевич Еуропаны азат етуге қатысты. Шабуыл кезінде ол пулеметпен жаяу әскердің алға жылжуына жол ашып, оларға позициялар арасындағы қашықтықты еңсеруге мүмкіндік жасаған жауынгерлердің бірі.

Батылдығы мен ерлігі және сарбаздардың рухын көтере білгені үшін Иван Бегунов «Қызыл Ту» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі үшін» медалімен және басқа да жауынгерлік наградалармен марапатталған.

Соғыс ардагері бір ұл, бір қызынан 5 немере, 11 шөбере сүйіп отыр.

«Иван Матвеевич, сізді көргеніме өте қуаныштымын. Келесі жылы 100 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын деп үміттенемін. Сізге бас иіп, тағзым етіп, Ұлы Жеңіске қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамыз. Өзіңіздей батырмен мақтанамыз», - деді Ерболат Досаев.