Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Астана соты кәсіпкер Тоқтар Төлешовты екі айға қамауға алуға шешім шығарды

AstanaTV
03.02.2016ж. 20:00
1890
Астана соты кәсіпкер Тоқтар Төлешовты екі айға қамауға алуға шешім шығарды

Астанадағы Алматы аудандық соты кәсіпкер Тоқтар Төлешовты екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Кәсіпкер ауыр және аса ауыр қылмыс жасады деген күдікке іліккен. Сондай-ақ бүгін Төлешовтың авдвокаттары Шымкентте баспасөз мәслихатын өткізді. Айзада Төребекқызы тарқатады. 

Шымкенттегі сыра зауытының қожайыны, танымал кәсіпкер Тоқтар Төлешов екі айға қамауға алынатын болды. Мұндай шешімді Астана қаласындағы Алматы аудандық соты 1 ақпан күні шығарған. Мұны бүгін Шымкентте ақпарат құралдарымен кездескен адвокат Евгений Яворский айтты. Зауыт қожайынына Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылып отыр.

Евгений Яворский, адвокат:

Тоқтар Төлешов Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі және 266-баптың 3-тармағы бойынша күдікті деп танылған. Яғни ол «қылмыстық топтың әрекетін қаржыландыру» және 266-шы бап - ол есірткі. Ақ-қарасын тергеу анықтайды деп ойлаймын. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Өз басым Төлешовты есірткімен байланыстыруға әлі ерте деп ойлаймын. 


Баспасөз жиынына сыра зауытының өкілдері де келді. Зауыт директоры Камал Атажанов қазір өндіріс аумағында барлық тексеру шараларының аяқталғанын айтты. Зауыт жұмысы қалыпты жүріп жатыр, ал басшылықты Тоқтар Төлешовтың ұлы Төлеген қолына алғанын жеткізді.

Камал Атажанов, «Шымкент сыра» ЖШС директоры:

30 қаңтардағы оқиға күні де, қазір де зауыт жұмыс істеп тұр. Барлық басшылық пен жұмысшылар өз орындарында. Өз міндеттерін атқарып жатыр. Құқық қорғау орындары тарапынан сол күні де, бүгін де ешқандай кедергі жоқ.

Жұмысы жүріп тұрғанымен, сыра зауытының  қордаланған қарызы бары расталды. Еңбек инспекциясы өкілдерінің мәліметінше, желтоқсан айында жұмысшылардың 27 млн теңге еңбекақысын төлемеген. 

Бастар Есқараев, ОҚО еңбек инспекциясы жөніндегі  басқарма басшысы:

Осы жалақы қарызын төлеп құтылу жөнінде 29 қаңтарға дейін ол мемлекеттік еңбек инспекциясына кепілді хат берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін ол қарыздың жойылғаны жөнінде жұмыс беруші бізге мәлімет берген жоқ. Бұл жауапкершілігі үшін жұмыс берушіге аталған серіктестікке Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапкершілік қаралған. Оның мөлшері 150 АЕК мөлшерінде, яғни 318 150 теңгені құрайды. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Еске салайын, қаңтардың отызында шаһардағы үш бірдей нысан арнайы жасақпен қоршауға алынып, 4 адам тұтқындалған еді. Үшеудің бірі алаяқтық әрекетімен іздеуде жүрген алматылық Сергей Калтаков екені ресми расталған. Тағы екеуінің аты-жөні әзірге белгісіз. Ал ІІМ өкілдері тергеу аяқталған жоқ деп, бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат бермей отыр. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ