Спорт Қазақстан
$447.89 €476.78 ₽4.79
×

Атырау облысы алдағы жылдары жаңа қарқынмен дамиды

AstanaTV
18.06.2021ж. 20:00
1843
Атырау облысы алдағы жылдары жаңа қарқынмен дамиды

Атырау облысының жылдар бойығы шешімін таппай келе жатқан ең өзекті мәселелері алдағы жылдары реттеледі. Бұл туралы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов бүгін елордада өткен брифингте айтты. Жуырда қабылданған өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарында ең өзекті проблемаларды шешу қарастырылған. Жергілікті билік тұщы су тапшылығы, экология, білім мен денсаулық саласын шешеді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысына да көп көңіл бөлінбек. Аймақ басшысының айтуынша, биыл облыста 42 мың азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр.


9,5 триллион теңге. Мұндай қомақты қаражат Атырау облысын 2025 жылға дейін дамытуға бөлінді. Өңір әкімінің айтуынша, "Теңіз" және "Қашаған" кен орындарын кеңейту есебінен мұнай өндіруді 28% - ға, яғни 60 млн.тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. Төрт ауқымды жобаны іске қосу мұнай-газ химиясы саласын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, экологиялық ахуалды жақсартудың кешенді жоспары әзірленген.


Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Биыл 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды. Алдағы 5 жылда облыстың орман қоры жерлеріне 7 миллион көшет, ал елді мекендерге 540 мың ағаш отырғызу қарастырылған.


Әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 5 мың орынға арналған 10 мектеп пен 11 балабақша биыл пайдалануға берілмек. Денсаулық сақтау саласына да айтарлықтай көңіл бөлінеді. Бұл бағытта 7 нысанның құрылысы басталып кеткен. Ал кешенді даму жоспары бойынша, алдағы жылдары 16 медициналық нысан, 37 мектеп салынады.


Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Шағын және орта бизнес секторында 126 мыңнан астам адам еңбек етуде. Бұл жұмыс күшінің 38 пайызын құрайды. 2020 жылы кәсіпкерлік субьектілері 2,1 трлн теңгеге өнім өндірды. Биыл бұл көрсеткіш жоғарылайды деп күтілуде.


Бұдан бөлек балық өнімдерінің экспортын 13 мың тоннаға дейін арттыру жоспарлануда. 640 шақырым жол жөнделеді. Брифингте Тұщы су тапшылығы мәселесі де көтерілді. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың айтуынша, сүзгі станциялары мен су тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау мәселені шешуге көмектеседі. Бұл мақсатқа 147 млрд. теңге бөлінбек.


Ғ. Өтемісов