Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Атырауда Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған әлеуметтік нысандар жұмыс істемей тұр

AstanaTV
14.07.2016ж. 20:00
2631
Атырауда Астана күні мерекесі қарсаңында ашылған әлеуметтік нысандар жұмыс істемей тұр

Атырауда Астана күні қарсаңында ашылған әлеуметтік нысандар жұмыс істемей тұр. Қала іргесіндегі Геолог кентінде 2014 жылы іргесі қаланған емхана екі жылдан соң аяқталып, салтанатты түрде ашылған еді. Медициналық мекеме ашыла сала, есігіне қайтадан құлып салыныпты. Сондай-ақ, дәл сол күні пайдалануға берілген «Нұрбөбек» балабақшасының да бөбектерді қашан қабылдай бастайтыны белгісіз.

Бұл 5-ші шілдедегі Геолог ауылдық емханасының ашылу сәті. Осы күнді ұзақ күткен халықтың қуанышында шек болмады. Медициналық мекеменің қуанышына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйенбаев қатысты. Ал мынау бүгінгі көрініс. Бір мезетте 100 адамды қабылдауға қауқарлы емхана бос тұр. "Құрылысы жақында аяқталған ғимарат науқастарды қабылдауға дайын емес. Есесіне ескі емханасында құжынаған халық. Қабылдау бөлмесі де, дәлізі де тар мекеме өте қолайсыз",- дейді тұрғындар.

Динара Ишанғалиева:

Ашылып жатыр дегесін ойладық, ашылған шығар деп. Мында кішкене қиындау, көбіне Алмагүлдегі емханаға, анда-мында жібереді. Солай қиындау болып тұр.

Жания Ғайсенова:

Мен ашылған күні барған едім. Сол күннен бастап жұмыс жасайды деп ойладым. Сөйтсем, жай ашылуы ғана  екен. Маған жаңа емхана ұнады. Барлық құрал-жабдықтар тұр.

Медициналық мекеме әлі мемлекет балансына берілмепті. Коммуналдық қызметпен келісімшарт та жасалмаған. Бірақ бірер күнде науқастарды қабылдай бастаймыз,- дейді ақ халаттылар.

Гүлжан Сайынова, Геолог емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі бойынша орынбасары:

Балансқа бізге берілген жоқ. Біз баланссыз жарықты қалай қосамыз, суды қалай қосамыз, газды қалай қосамыз? Свет болмаса, жұмысты қалай жасаймыз? Бізде бәрі интернетпен, қалай жұмыс жасаймыз?

Базаргүл Нәдірқызы, тілші:

Астана күні қарсаңында салтанатты түрде ашылған «Нұрбөбек» балабақшасында қазіргі мезетте балалар қабылдап жатқан жоқ. Өйткені ғимарат қажетті жабдықтармен толықтай жабдықталмаған.

Балабақшаның ашылуына облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі қатысқан еді. Салтанатта асыр салған бөбектердің қай бақшадан әкелінгені белгісіз. Бүгін бөбекжайда балалар түгілі, қызметкерлер де жоқ.

Алмагүл Әбішева, Атырау қалалық білім бөлімінің әдіскері:

Басқа балабақшаның балалары ғой енді. Ашылды ғой былай, бірақ әзірге заңдылық құжаттары бар, сосын келетін жиһаздары бар, соны күтіп отырмыз. Сосын, бұйырса, балаларды қабылдайды.

Әкімдік өкілдері балабақша күзде ғана ашылады деп отыр. Нысан қыркүйекте шын мәнінде пайдалануға берілсе, 280 бала бақшаға барады.

Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ