Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Алматыда «қызыл» террористік қауіптілік жағдайы жарияланды

AstanaTV
18.07.2016ж. 17:00
2391
Алматыда «қызыл» террористік қауіптілік жағдайы жарияланды

Қазір Астанада да сақтық шаралары күшейтілді. Қару-жарық дүкендерінің барлығы жабылғаны белгілі болды. Алматыдағы атыс әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында қызу талқыланды. Ал телеарналарда жарияланған техникалық үзіліс мерзімінен бұрын тоқтатылды. Айгүл Әдепбай жалғастырады.

Айгүл Әдепбай, тілші:

Алматыда дүйсенбінің таңы дүрбелеңмен басталды. Алғашқы атыс сағат 10-дарда естілген. Атыс-шабыс таңертең басталса да, түске дейін құқық қорғау органдарынан ресми ақпарат шықпады. Тек 12:20-да Ұлттық қауіпсіздік комитеті террористік қауіптіліктің қызыл деңгейі енгізілгені жарияланды. Іле-шала Алматының ішкі істер департаменті қалада антитерорлық операцияның жүргізіліп жатқанын хабарлады. Одан соң Қорғаныс министрлігі, әскери бөлімдердің күшейтілген режимге көшірілгенін мәлімдеді. Ішкі істер министрлігі болған жайтты баяндап, хабарлама таратты. Есесіне әлеуметтік желілер алып қашпа әңгімеге толды. Үрейленген халық асыра сілтеп жатты. Ватсап желісі арқылы оқиға орнынан видео таратқандар болды. Бірақ оның көбі ақыр соңында расталмады.

Он екі жарымда жедел жәрдем ауруханасына алғашқы жаралылар келіп түсе бастады. Ауруханаға хабарласқанымызда, дәрігерлердің барлығы ота жасау бөлімінде деп, ақпарат беруден бас тартты. 

Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының өкілі:

Біз әзірге мәлімет бере алмаймыз. Себебі әкімшілік пен дәрігерлер қабылдау бөлімінде. Қазір бұған уақыт жоқ.

12:34-те Алматыдағы қару-жарақ дүкендері жабылды. Қорғаныс министрлігі күзетінің күшейтілгенін хабарлады. Қару дүкендерінің біріне хабарласқанымызда, олар бүгін жұмыс істемейтіндерін растады.

Қару-жарақ дүкенінің өкілі:

Бірден шабуылдан кейін жабылдық. Егер нақты мәлімет керек болса, жазбаша түрде сұраңыздар.

Әлеуметтік желілердегі өсек-аяңның арсында Алматыдағы City plus сауда орталығында қылмыскерлер 6 адамды тұтқынға алды деген мәлімет те болды. Бірақ, абырой болғанда, бұл ақпаратты құқық қорғау органдары растамады.

Айгүл ӘДЕПБАЙ