Спорт Қазақстан
$447.89 €476.78 ₽4.79
×

«Екі рет неке қиған»: Қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісова туралы қызықты деректер

AstanaTV
28.05.2023ж. 14:16
1134
«Екі рет неке қиған»: Қазақтың әйгілі күйшісі Дина Нұрпейісова туралы қызықты деректер

Алғашқы күйеуі Нұрпейіс Мақатұлы Динадан 19 жасқа үлкен болды және Динаға дейін де әйелі болған.

Қазақ халқының ұлы күйшісі Құрманғазыны «күй атасы» десе, оның шәкірті Дина Нұрпейісованы «күй анасы» деп атайды. Ол кішкентай кезінен танымал күйшілердің шығармаларын орындады. Артынан өзі де күй шығарды. Қазақстанның халық әртісі атанды. 80 жастан асса да, үлкен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Sputnik Қазақстан күй анасының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді ұсынады.

Домбырашы қыз көпшілікке қалай танылды

Дина Кенжеқызы Нұрпейісова 1861 жылы сол кездегі Астрахань губерниясына қарасты Ішкі қазақ ордасының (қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы) Нарын қисымына жататын «Бекетай құмы» деген жерде дүниеге келді. Әкесі Кенже Шалұлы жас кезінде палуан болған. Ат баптап, домбыра тартқан. Қызына кішкентай кезінен бастап осы өнердің қыр-сырын үйретті. Кенже атақты күйші Құрманғазымен де дос болған.

Қаршадай қыз күй өнерін жылдам меңгеріп алды. Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің күйін нақышына келтіріп орындады. Айналаға «домбырашы қыз» деп танылады. Ол кезде Дина небәрі 8-9 жаста еді.

Дина Құрманғазымен қалай кездесті

1870 жылы Құрманғазы Кенженің ауылына келіп, домбырашы қыздың өнеріне тәнті болады. Халық өнерін дамытатын тағы бір адамның дүниеге келгеніне шексіз қуанады. Құрманғазы Кенжеден атақты домбырашылардың сайысы болатын жерлерге Динаны ертіп жүруге рұқсат сұрайды. Осылайша, кішкентай қыз тоғыз жыл бойы 18 жасқа толғанға дейін Құрманғазымен жиі кездесіп, жиындарға еріп барып жүреді, көптеген атақты домбырашылармен кездеседі. Дина бойжеткенде Құрманғазы оған домбырасын беріп кетті деген мәлімет те бар.

Бір қызығы, Динаның өзі 1938 жылы «Социалистическая Алма-Ата» газетінде басылған «Ұстаз» мақаласында «Құрманғазыны алғаш көргенде менің жасым отызда болатын» деп жазды. Күйшінің айтуынша, сол кезде Құрманғазы 60 жас шамасында болған.

«Ұлы ұстазбен достығым 11 жылға созылды, әр кездескен сайын күй өнерінің тереңіне бойлап, көп нәрсе үйрендім», - дейді Дина.

Ол ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық өнердегі ерекшеліктерін, дәстүрін жалғастырады. 75 жасында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауында, ал 83 жасында Ташкенттегі Орта Азияның онкүндігінде жүлделі орынға ие болды.

Екі рет неке қиған

1880 жылы Дина 18-19 жас шамасында Мақат баласы Нұрпейіске тұрмысқа шыққан. Сол кезде фамилиясы Нұрпейісова болып тіркелді. Күйшінің немересі Балжан Жұрынбайқызы естеліктерінің бірінде: «Алғашқы күйеуі Нұрпейіс Мақатұлы Динадан 19 жасқа үлкен болды және Динаға дейін де әйелі болған», - деп айтты.

Нұрпейіс Мақатұлы аттан құлап, алған жарақатынан ерте қайтыс болды. Дина аяғы ауыр қалған. 1885 жылы қайын інісі Нұралыға атастырады. Дина оны «Шәпек» деп атаған. Қайын інісіне тигенімен өз үйін жықпаған, бала-шағасымен бөлек тұрды.

Нарын құмында болған алапат аштық кезінде Дина Шәпектен ажырап, Астрахань жағында колхозға кірген үлкен ұлы Жұрынбайды сағалап кеткен.

Батыс Қазақстан облысымен шекарада «Шәпек төбесі» деген жер әлі бар. Жергілікті тұрғындар оны «Дина күйшінің келін болып түскен жері» деп атайды.

2019 жылы «Шәпек төбесіне» ескерткіш белгі орнатылды. Онда «Бұл жерге ұлы күйші Дина Нұрпейісова 1894 жылы келін болып түскен» деп жазылған.

Динадан туған балалар

Дина қос күйеуінен 13 құрсақ көтеріп, 8 ұл мен 5 қыз дүниеге әкелген. Соның ішінде Нұрпейістен – Жамал мен Қайырлы (Қайрош) есімді қыз, Жұрынбай деген ұл туған. Бірақ «Беріш руының Қаратоқай, Есенғұл, Құлкеш аталары» атты жинақта (Атырау, 2000) Жамал мен Қайрошты «Нұрпейістің Динадан бұрынғы әйелінен қалған» деп анық айтылған.

Немересі Балжанның айтуынша, Дина Шәпектен 11 құрсақ көтерген, ол балалардың көбі жастай шетінеген.

«Менің есімде қалған қыздарының аттары Бақтылы, Салиха, Қоңыр, ұлдарының есімі – Төремұрат, Қатимұрат, Қажымұрат, Ғабдолмұрат. Ғабдолмұратты «Мұрат» деуші едік, 1902-1974 жылдары өмір сүрді», - деп жазды Балжан апай.

Ұлдары ең жоғары орден алған

Динадан туған балалардың ішінде Жұрынбай мен Мұрат (Төремұрат, Төлемұрат, кейде Ғабдолмұрат), Бақтылы мен Қоңыр жайлы деректер көбірек сақталған.

Жұрынбай, інілері Мұрат пен Қажымұрат, үлкен ұлы Қожахмет төртеуі 1941 жылы соғысқа алынды. 1946 жылы Жұрынбай мен Мұрат елге оралды. Ал Қажен хабарсыз кетті, Қожахмет те соғыстан қайтпады. Жұрынбай жаралы болып келген, сол жылы наурыз айында қайтыс болды.

Мұрат (Төлемұрат) Шәпекұлы Нұрпейісов соғыста ерлікпен шайқасты.«Берлинді алғаны үшін» медалімен, жауынгерлік айбынның ең жоғары ордені – «Даңқ» орденімен марапатталды. Майданнан оралғаннан кейін М.Нұрпейісов ұзақ уақыт КСРО ІІМ органдарында жұмыс істеді.

Динаның күйлері

Дина Нұрпейісова танымал күйшілердің шығармаларын орындап қана қоймай, өзі де күй шығарды. Ұзатыларда әкесінің еншің деп мінгізген қарақасқа атына арнап шығарған «Қарақасқа ат» күйі, өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп шығарған «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» сияқты күйлері, ақылды да айбарлы абысынына арналған «Кербез» күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі қалды.

Бұдан бөлек, үлкен ұлы Жұрынбай 1916 жылы майданның қара жұмысына алынғанда "Он алтыншы жыл" («Набор») деген күйі осы оқиғаға арналып шығарылды. Шығармада Құрманғазының Исатай мен Махамбетке арнаған «Кішкентай» күйінің әсері байқалады. Тағы бір баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйі де бар.

Дина Нұрпейісова жасының ұлғайғанына қарамастан, Қазақстанның 20 жылдығына орай «Тойбастар», Отан соғысы жылдарында «Ана бұйрығы», «Жеңіс» сияқты күйлер шығарды.

Киелі домбыраны соңғы рет қолына алды

1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен Смағұл Көшекбаев Астрахан өлкесіне келіп, 76 жастағы Динаны Алматыға көшіп баруға көндірген. Содан бастап күйші халықтың, өнер зерттеушілерінің көз алдында болды. Ахмет Жұбанов «күй анасының» өмір жолы мен шығармашылығы туралы бірнеше еңбек жазды. 1944 жылы күйшіге Қазақстанның халық әртісі атағы берілді.

Дина Кенжеқызы 1955 жылдың 31 қаңтарында 94 жасында Алматы қаласында қайтыс болды. Балжан Нұрпейісова әжесінің соңғы күндері туралы былай дейді: «Ол кісі өле-өлгенше сөзінен жаңылысқан емес. Киелі қара домбыраны бала кезінен серік етіп, құдіретті өнеге тұтқаны соншалық, көз жұмарының алдында бес-он минут бұрын өзінің төсегінің тұсында ілулі тұрған домбырасын алдырып, мәпелей сипап, аялай қағып, Құрманғазының «Қайран шешем» күйін шертті. Әлсіз саусақтары икемге келмей жатса да, күйді көкірегінде жаңғыртып жатып дүниеден озды".