Спорт Қазақстан
$441.44 €473.09 ₽4.75
×

Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген

31.05.2023ж. 20:00
1128
Жыл басынан бері адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген

Жыл басынан бері елімізде адам саудасына қатысты 65 қылмыс тіркелген. Бұл туралы ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Саденов мәлімдеді. Қанау мақсатымен бас бостандығынан заңсыз айырудың бір фактісі, жезөкшелікпен айналысуға тартудың 11 фактісі, адам саудасының 16 фактісі, «жеңгетайлық» және жезөкшелікті ұйымдастыру бойынша 37 іс анықталған. Ұйымдастырушылардың арасында полиция өкілдері де бар. Вице-министрдің айтуынша, жыл басынан бері мұндай қылмысқа қатысы бар үш қызметкер әшкере болған.

Ержан СӘДЕНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

6 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды. Олар бір жыл бойы жезөкше ұстау орындарын ұйымдастырып, «жеңгетайлықпен» айналысқан. Жалпы жыл сайын адам саудасы саласында 100-ден астам қылмыс тіркеліп, 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіледі.

Ал жыл сайын Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатын 90 адамның 75-і - әйелдер. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті осындай дерек келтірді. Тіпті кәмелет жасқа толмағандары да бар.

Шынар КӨШЕРБАЕВА, ҚР ІІМ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Әйелдер арасында кәмелетке толмағанды адам саудасына салу кездеседі. Жасы 16,17-ден басталады. Жыныстық қанауға түскендердің жасы 40-қа дейін барады. Ал еңбек құлдығына тартылған әйелдердің жасы - 50-ге дейін. Өйткені әйелдерді де үй шаруасына күштеп жегуі мүмкін.