Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Астанаға көшіп келетін тұрғындардың легі шектелуі мүмкін

28.08.2023ж. 20:00
866
Астанаға көшіп келетін тұрғындардың легі шектелуі мүмкін

Енді Астанаға кез-келген адам көшіп келе алмауы мүмкін. Өйткені, бас қалаға халық сыймай жатыр. Бір жылдың ішінде шаһарға 60 мың тұрғын қоныс аударған. Мамандар бұл жас қала үшін тым көп көрсеткіш дейді. Сол үшін Елордаға келушілердің легін шектеуді ұсынып отыр. Бұл қаншалықты дұрыс? Аружан Задабек тұрғындармен тілдесті.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Астана – бас қала. Сондықтан мұнда келушілердің саны күн санап артып жатыр. Бірі жұмыс іздеп, енді бірі оқуға келеді. Олардың арасында мен де бармын. Бірақ мамандар бұл процеске алаңдаулы. Осылай жалғаса берсе Елордаға адам сыймай қалуы мүмкін дейді.

Сөмкемді арқалап халықтың пікірін сұрауға шықтым. Қызық, Астанада жүріп «астаналықтарды» таппай біраз қиналдым. Тұрғындардың көбі жұмыс іздеп өзге өңірден Елордаға қоныс аударған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Қай жақтансыздар? – Қорғалжыннан. – Астанаға қашан келдіңіздер? – Бүгін келдім.
- Тараздан көшіп келдік. – Қай жылы? – 3 жыл бұрын. – Таразда жұмыс табылмады ма? – Ақша аз.
- Менің туған жерім Россия, Алтай. 91-де көшіп келгенмін. – Неге халық көп Астанаға көшіп келеді? – Енді ауылдарда жұмыс жоқ. Тірліктің бәрі қалада ғой, Астанада.
- Қытайдан. – Қашан келдіңіз? – 2 күн болды.
- Ол жақта жұмыс болмаса қайда барады? Енді Астанаға келеді да.
- Астанаға келгеніңізге қанша жыл болды? – 22. Арқалықта қазір жұмыс жоқ. Сол үшін Астанада жүрмін жұмыс істеп.

Соңғы төрт жылда Астанаға көшіп келушілердің саны күрт көбейген.

Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елдімекендерден 150 мың тұрғын кіріп-шығады. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіретіні анық. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мемлекет басшысы қалада көші-қон процесін бақылауға алуды тапсырған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет. Яғни, пәрменді шаралар қабылдау керек. Негізінен көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс.

Қазір көші-қон комитеті адамдар легін шектеу туралы ұсынысты қарастырып жатыр.

Асқарбек ЕРТАЕВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРЛІГІ КӨШІ-ҚОН КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Елордаға көші-қон ағыны бойынша жұмыс әлі де жүргізілуде. Белгілі бір түзетулер әзірленді, бірақ олар әлі де талқыланып жатыр. Сондықтан қазір бұл туралы айтпаймын, өйткені әлі де талқылау болады.

Қазір Астанада 1 миллион 367 мың адам тұрады. Оның 52 проценті – әйел, 47 пайызы – ер адам. Олардың орташа жасы – 30. Қалаға жұмыс іздеп келгендердің көбі құрылыс саласында жұмыс істейді.