Спорт Қазақстан
$450.8 €486.77 ₽4.88
×

Алматы облысында 3 жасар бүлдіршін балабақшада көз жұмды

14.09.2023ж. 20:00
726
Алматы облысында 3 жасар бүлдіршін балабақшада көз жұмды

Ал Алматы облысында 3 жасар бүлдіршін балабақшада көз жұмды. Ол тәрбие орнының аумағындағы суға толы кәріз құдығына құлап кеткен. Оқиға қалай болды? Тілшіміз жеткізеді.

Заңғар үйдің тұңғышы еді. Енді ғана анық сөйлеп, тәтті қылық шығара бастаған сәбидің аяқасты өліміне туғандары ғана емес бүтін бір ауылдың қабырғасы қайысып отыр. Тапа-тал түсте анасы ұлының ауруханаға түскенін біледі. Жүрегі алып ұшып барғанда перзентінің қайтыс болғанын естиді. Тәрбиешіге Заңғардың балабақшада кенеттен жоғалып кеткенін оның досы үш рет келіп айтқан көрінеді. «Бірақ сәбидің сөзін күтуші бірден түсіне қойған жоқ»,- дейді қайғыдан қан жұтқан ана.

Ақбота САТҚЫНБАЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Өздерінің айтуы бойынша, канализация жабық болған дейді. Бірақ ол жабық болған дегенге мен сенбеймін. Бір-екі сағаттай жатқан сияқты. Өйткені басында бір ашқан кезде бала жоқ деп жауып кеткен ғой. Үшіншісінде барып ашқан кезде бала уже бетіне шыққан ғой.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Бір топ тәрбиеленуші әдеттегідей түскі серуенге шыққан. Ал кәріз құдығы балалар уақыт өткізетін ойын алаңқайының дәл жанында орналасқан. Сөйтіп қараусыз қалған 3 жасар Заңғар құдыққа құлап, ажал құшады. Күні кеше ғана мұның аузы ашық тұрған көрінеді. Бірақ оқыс оқиғадан кейін балабақша қызметкерлері құлпын дереу дәнекерлеп тастапты.

Ауылдағы жалғыз «Тоғжан» балабақшасы бүгін қаңырап тұр. Асыр салып ойнап жүрген бала жоқ. Заңғардың бұл бақшаға келгеніне бір жарым жыл болған. Марқұмның туғандары қаршадай ғана баланың құдықтың қақпасын өздігімен аша алмайтынын айтады. Бүлдіршінді қараусыз қалдырғандар тиісті жазасын алса екен дейді.

Әкімқожа ЫНТЫБАЕВ, БАЛАНЫҢ АТАСЫ:

Жабық тұрмақ түгілі, қоршаулы тұру керек қой. Ол жерде анау мынау емес, қаншама бала отыр. Біз кеткеннен кейін ғана сваркілеп жатыр. Болары болғаннан кейін, оны сваркілегеннің керегі не. Қан жылап тұр ғой менің жүрегім. Не сұмдық бұл? Адамгершіліктері қайда? Балаларды алғаннан кейін, оларға қарау керек қой.

Ауладағы бейнебақылау камерасына кәріз құдығының маңы ілінбей қалған. Аудандық білім бөлімінің мамандары балабақша қызметкерлерінің немқұрайлылық танытқанын мойындап отыр.

Зарина БӨЛЕКБАЕВА, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Аталған топтың тәрбиешілері мен кіші қызметкерлердің назарынан тыс қалған балалар. Соған көзіміз жетіп отыр. Біздің қолымыздан келетіні – тек осы аталған балабақшаның меңгерушісін бөлім басшысының бұйығымен жұмыстан босаттық. Қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші мен кіші қызметкер де жұмыстан босатылды.

Қайғылы жағдай бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу іс-шаралары жүріп жатыр. Тергеу барысы облыстық бас полицейдің жеке бақылауына алынды.

Ернар САЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайларын толық, объективті және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамаларды тағайындаумен тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Оқиғаға қатысы бар тұлғалардың кінәсі дәлелденсе, олар бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.