Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Ақтөбе облысында ірі қараға жұққан қауіпті дертке байланысты шектеу енгізілді

AstanaTV
18.11.2023ж. 18:40
636
Ақтөбе облысында ірі қараға жұққан қауіпті дертке байланысты шектеу енгізілді

Ақтөбе облысында шаруа қожалығының аумағында ірі қарадан қауіпті дерт анықталып, шектеу енгізілді. Мұнда эмфизематорлы карбункулдан 6 бас сиыр өлген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шектеу Қобда ауданында орналасқан шаруашылыққа 17 қараша енгізілген. Ал бір апта бұрын "Самғат" қожалығында эмфизематорлы карбункул анықталып, 6 сиыр өліпті.

Шаруа қожалығы Амангелді ауылынан 6 шақырым жерде. Мал ауыл тұрғындарының ірі қарасынан бөлек жайылады. Сондықтан ауылда ұстайтын төрт түлікке қауіп төнбейді дейді.

"Шаруашылықта 325 бас ірі қара, 576 ұсақ мал бар. 17 қарашада Көптоғай ауылдық округі әкімінің шешімімен вакцина салынды", – деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ветеринария басқармасының мәліметінше шектеу енгізілген соң қожалық аумағында дезинфекция жүргізіліпті.

"30 күн кішінде қожалыққа өзге мал әкелуге болмайды. Сондай-ақ аумақтан мал шығаруға да тыйым салынады. Амангелді ауылында шектеу жоқ, тұрғындарға қауіп төнбейді. Бүгінде басқа мал өлімі тіркелмеді", – деді Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының бас маманы Арсланбек Алдияр.