Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Мемлекеттік қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салынады

22.04.2024ж. 20:00
291
Мемлекеттік қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салынады

Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне тыйым салынады. Шамамен 220 мыңға жуығы құмарлықтың құрығынан құтылады. Ал букмекерлік кеңселерде бәс тігушілер бейне-биометрикалық идентификациядан өтуі міндеттеледі. Мәжілістің жалпы отырысында ойын бизнесі туралы заң жобасын талқыланды. Бірнеше жылдан бері айтылып жүрген лудоманияға қарсы жоба нақты қашан қабылданады? Әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді. 

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Лудоманиға қарсы заң керек деген ұсыныс осыдан 2 жыл бұрын айтылған. Әлі талқыланып жатыр. Дәл мен тұрған осы жерде депутатттар министрлік өкілдерін талай шақырып, біраз талқылау өткізді. Тақырыпты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет көтерді.

Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда Мемлекет басшысы жастарды адал еңбекпен табыс табуға шақырды. Лудоманияны бейбіт күнде елдің шырқын бұзатын қатерге балап, одан аулақ болу керегін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ /15.03.1024/

Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. "AMANAT" партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.

 "AMANAT" фракциясының депутаттары мәселені шешу үшін талай депутаттық сауал жолдаған. Оның бәрі бекер емес. Мәселе өзекті. Елдегі әрбір бесінші адам ойын ойнайды. Оның 400 мыңы букмекерлік кеңселердің есігін күнде қағада. Құмар ойынға құмартқан балалар да аз емес. 200 мыңнан асады. Енді заң тезірек қабылданса жасөспірімдер өзге біреудің атынан аккаунт аша алмайды. Өйткені арнайы бейнебақылаудан өту міндеттелмек.

Еділ ОСПАН, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Денсаулық сақтау министрлігі жасөспірімдер арасында лудоманиядан емделіп жүргендер тіркелмегенін хабарлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, лудомания – бұл аурудың түрі және онымен күресудің 2 профилактикалық деңгейі бар.

 Ажырасу көбейді. Суйицид өршіді. Бұған да лудомандардың артуы себеп болған. Бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Сондықтан Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне енді тыйым салынады. Сондай-ақ бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі.

Елнұр БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша жаза қолданылады. Атап айтқанда, мүлкi тәркiленiп, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 проценті - лудоман. Бұл да құмар ойын құлататынын көрсетеді. Отбасының шырқын бұзып, алимент төлеуден қашып жүргендердің де арасында бәс тігетіндер аз емес. Енді олар үшін талтаң басып жүретін кезең келмеске кетті. Заң жобасына өтелмеген алименті не несиесі барларға ойын ойнауға шектеу қою туралы норма енгізілді. Жарнамаға да қатаң тыйым бар. Әсіресе танымал адамдар ойын бизнесі туралы насихаттай алмайды.

Нартай СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, “AMANAT” ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Жарнама туралы заңның 13-бабына тиісті өзгерістер енгізу туралы арнай нормалар бар. Соның ішінде, БАҚ құралдарына қатысты мынандай дүние бар. Спорттық оқиғаларды жариялауға толық мамандандырылған БАҚ құралдарынан басқаларына букмекерлік кеңселер мен тотолизаторларды жарнамалауға тыйым салынады деген дүние бар.

Тұрғындардың өз-өзін құмар ойыннан 1 жылға шектей алатынын бұған дейін айтқанбыз. Енді сонын мерзімін 10 жылға созу ұсынылды. Депутаттар қабылдады. Жалпы, бас-аяғы ойын бизнесі бойынша 11 заңға, 3 кодекске өзгеріс енгізілмек.