Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарына 1 млн теңге табысталды

01.12.2023ж. 20:00
563
«Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарына 1 млн теңге табысталды

Мүмкіндік шексіз. Бұған дәлел – «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттары. Мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан, қоғамда белсенді, салада озық, интеллектуал 200 жан сыйлықтан үміттеніп, өтініш берген. Таңдаулыларын әділ-қазылар анықтап, марапаттау үшін Астанаға алдырды. «AMANAT» партиясының қолдауымен осымен он алтыншы рет ұйымдастырылған дүбірлі шараның марапаттау рәсімі Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Жеңімпаздардың әрқайсысына 1 млн теңге табысталды.

Ермек Қалымбетов- қоларбада отырып билеу спорты бойынша параолимпиада чемпионы. Азия мен әлемде бірнеше дүркін топ жарған. Биыл «Жан шуақ» сыйлығына өтінім беріп, бағын сынап көрген. Қазылар алқасы спорт саласы бойынша оны үздік деп таныды.

Ермек ҚАЛЫМБЕТОВ, «ЖАН ШУАҚ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

12 мүшесі сау адамдар да өмірден баз кешіп жатқан жандар көп. Айтар едім, өімрден түңілмеу керек. Өмір бір-ақ рет беріледі. Алла тағала бізге қаншама мүмкіндік беріп қойған. Оның бәрі біздің өз қолымызда. Біз алға қарай ұмтылсақ, алла тағала бізге соншама есікті ашып қояды. Сондықтан өмірден түңілмеу керек. Күресу керек. Өмірдің өзі күрес.

Ал Анар Бексұлтанова - Жамбыл облыстық мәслихат депутаты. Екі қолым жоқ демей, аяғымен қыз жасауын тігеді. Еңбегінің жемісін бүгін тағы көрді. Өнер саласындағы аса үздік жетістіктері үшін марапатталды. Айта кету керек, бүгінде өңірлік мәслихаттарда ерекше қажеттілігі бар 71 депутат жұмыс істеп жүр.

Анар БЕКСҰЛТАНОВА, «ЖАН ШУАҚ» ҚОҒАМДЫҚ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Республикалық маштабта өтіп жатқан фестивальдар мүмкіндігі шектеулі аналарға болсын, ер адамдарға болсын өте қажет-ақ. Өйткені әрбір мұндай өткен фестивальден кейін көптеген адамдар жігерленіп, өз істерін ары қарай жалғастырып, қандай да бір қолөнермен айналысып, сол істі аяғына дейін жеткізіп отырады.

Таңдаулыларды Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов марапаттады. Ол Мемлекет басшысының ерекше қажеттілігі бар азаматтарды қолдау ісіне айрықша мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан осал санаттағы жандардың құқығын қорғау жөніндегі Омбудсмен институтының жұмысына тоқталды.

Ерлан ҚОШАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтып жүрміз. Ол әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Әділдік бар жерде ғана заң мен тәртіп үстемдік құрған кезде ғана барлық азаматтар үшін тең мүмкіндіктерге жол ашылады. Бұл мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты ұстанымы екенін білесіздер.

Осы жолы жеңімпаз болғандардың арасында 10 тілді меңгерген Түркістан облысының азаматы Мейірхан Топанбай да бар. Ол 68 мың кітап оқып үлгерген. «Жан шуақ» фестивалінің марапатына бүгінге дейін 80-нен астам жарым жан ие болды.