Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Оралдықтарға қоғамдық көлікте жүру арзандады

09.01.2024ж. 20:00
632
Оралдықтарға қоғамдық көлікте жүру арзандады

Оралда биылдан бастап, қоғамдық көлікте қатынауға жеңілдіктер жасалды. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері, Чернобыль атом стансасындағы жарылыстың зардабын жоюға қатысқандар, І топ мүгедектері, 7 жасқа толмаған балалар және «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері автобуспен тегін қатынайды. Бұл жаңалықты қалалықтар қуана қабылдады. Өйткені игі бастаманың шарапаты мектеп оқушылары, мүгедектер мен олардың күтушілері және зейнеткерлерді де қамтиды. Енді оларға жолақының жарты бағасын төлесе де жеткілікті. Бұған дейін тұрғындар автобуста жол жүру үшін 80 теңге төлейтін. Қазір зейнеткерлер жолақыны жеңілдікпен төлеуге мүмкіндік беретін билетін рәсімдеуге кіріскен.

 БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- 50 теңге болса да жеңілдік қой. Бәрі жақсы, рақмет!
- үлкен кісілерге жасап жатқан қамқорлық қой. Бұл маған ұнады. Бұрын 80 теңгеден төлеп жүрген, мен енді зейнеткермін ғой.
- Карта алдық, карта керемет, уақытында, шапшаң тез. Енді 50 процент болғасын, көп үнемдейміз ғой енді.

Оралда 26 бағыт бойынша 6 жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын қызмет көрсетеді. Жыл сайын олардың қызметін 54 миллион адам пайдаланады екен. Бірақ тасымалдаушылар қолданыстағы тарифтің шығыны көп екенін айтудан шаршаған емес. Дегенмен "аманаттықтардың" арқасында бұл салаға бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, мәселе оңтайлы шешімін тапты. Партияның сайлауалды бағдарламасында да әлеуметтік жағдайы төмен жандарды қолдау айтылған еді.

Бауыржан АТАУОВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ БҚОФ ЖАНЫНДАҒЫ ӨҢІРЛІК СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бұрын-соңды мұндай 50 пайыздық жеңілдік болған жоқ қой. Сондықтан бұл біздің ардагерлерімізге, осал топтарымызға ешқандай қиындық әкелмейді деп ойлаймын. Бұрынғыдан да жеңіл болған сияқты. Біздің осы кеңес мүшелерінің құрамында осы "AMANAT" партиясының өкілдері жеткілікті, сол мәселені шешуге барлығы да өздерінің үлестерін қосты.